by Лейла Махат
«Сенің руың кім? Сенің рухың кім?» — бұл сұрақ суретші Лейла Махаттың «RUUIÑ KİM / RUHIÑ KİM» жобасының өзегін құрайды. Көрме көрерменге жады кеңістігін ашады. Жылқы, таңба және сакралды «абақ» символы арқылы қазақ өркениетінің терең философиясы бейнеленеді.
30-дан астам кескіндеме туындыларында Лейла Махат:
Әрбір картина —
ру тарихы,
уақыт пен кеңістіктің символдық қиылысы,
ата-баба мен ұрпақ арасындағы көпір.
LM KULANSHI ART галереясы қазақстандық суретші Лейла Махаттың жаңа жеке жобасын — RUUIÑ KİM / RUHIÑ KİM ұсынады. Көрме автордың 37 жұмыстан тұратын жаңа кескіндеме сериясына негізделген және өзін-өзі тану мәселесін қозғайды, мұнда өз тамырын сақтау жады ұрпақтан ұрпаққа берілетін рухани байлықпен тең қойылады.
Дәстүрлі көшпелі мәдениеттің түпнегізіне жүгіну суретшінің шығармашылығында әрдайым болған, ол зерттеушілік тәсіл арқылы да, жеке миф жасауы арқылы да көрініс табады. Жаңа серия осы бағытты жалғастыра отырып, оны мүлде жаңа көркемдік шешімде ашады.
Лейла Махат кескіндеме негізі ретінде таңдаған текстиль қазіргі қоғамдағы руханидан гөрі материалдықтың басымдығы туралы авторлық ойларға үндеседі. Гобелен мен құрақ көрпе дәстүрлі қазақ тұрмысы мен қолөнерінде материалдық пен символдық бастауын біріктіріп келген. Осы символдық мәнді күшейту үшін суретші маталарды әдейі қараңғылап, олардың сәндік айқындылығын жұмсартады. Осылайша үстірт қабат кейінге шегеріліп, сакралды мағына алдыңғы қатарға шығады.
Әрбір жұмыстың композициясын төрт негізгі элемент құрайды: ру атауы, таңба, жылқы және абақ. Алдымен назарды жылқы бейнесі аударады. Ол көрмеде бірнеше рет қайталанып, кейде үштікке, кейде тұтас табынға айналады. Бұл серияда жылқы дәстүрлі мәнінде емес, рудың рухы ретінде көрінеді. Сондықтан әр жұмыста оның келбеті мен мінезі өзгеріп отырады.
Жұмыстарда ру таңбаларына ерекше мән берілгенімен, бұл күш тек тамырдың маңызын түсінгенде, ата-бабаны құрметтегенде және рухани құндылықтарды бағалағанда ғана шынайы бола алады. Осы себепті картиналарда ерекше рөлді абақ атқарады — түркі мифологиясындағы шеңбер мен оның ортасындағы нүкте түріндегі ең көне протоформа.
Бұл белгіні бейнелей отырып, Лейла Махат қазақстандық зерттеуші Серікбол Қондыбайдың түсіндірмелеріне сүйенеді. Оның пікірінше, абақ күрделі мифологиялық сәйкестіктер жүйесіне жатады және ру мен адамзатты білдіре алады: түркі-моңғол тілдерінде «опа», «абақ», «аймақ» сөздері ру, тайпа дегенді білдіреді. Шеңберлер санын көбейту арқылы суретші бұл белгінің ықпалын бүкіл кенеп кеңістігіне және одан тысқа таратады.
RUUIÑ KİM / RUHIÑ KİM сериясы көрерменге көпқабатты баяндау ретінде ұсынылады: композиция элементтері мифопоэтикалық кеңістіктің тірі құрылымын қалыптастырады, онда белгілер мен құндылықтар уақыттан тыс өмір сүріп, адам жадымен тығыз байланыста болады.
Анастасия Егорова
Өнертанушы, «KULANSHI» заманауи өнер орталығының қызметкері
Лейла Махат – заманауи қазақстандық суретші, куратор, галерист. KULANSHI ART GROUP галереялар желісінің жетекшісі. Еуразиялық Өнер академиясының президенті. Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Кескіндеме және мүсін» кафедрасының профессоры. Бейнелеу өнері саласында философия докторы (PhD). Польшадағы Ченстохова қаласындағы Ян Длугош университетінің «Сурет және кескіндеме» кафедрасында шақырылған профессор (visiting-professor).
Әр қазақ кемінде жеті атасын біледі. Бірақ ата-бабаны құрметтей отырып, олардың рухани құндылықтарын — әділдік, адалдық, үлкенге құрмет, ар-намыс еркіндігі, өзара көмек — әрдайым еске ала бермейміз. Мен бұл картиналарды тек физикалық емес, рухани генетикалық кодтарды ояту үшін жаздым. Жылқы — қазақтың жанының жалғасы. Шеңбер ішіндегі нүкте — ғаламның символы. Үш абақ — «жақсы ой, жақсы сөз, жақсы іс» қағидасын еске салады. Мен шеңберлерді кеңейтіп, олардың ықпалын болашақ ұрпаққа жеткізуді қаладым.

