
by Мозес Зибор & Сәулет Жәнібек
LM KULANSHI ART SPACE галереясындағы «Шаманның ұлдары» көрмесі – бұл тек көркемдік оқиға ғана емес, ежелгі дәстүрлердің қуаты мен мистицизмнің заманауи түсіндірмесі тоғысқан трансцендентті саяхат. Нигериялық Мозес Зибор мен қазақстандық Сәулет Жәнібектің шығармалары – рухани тамырларды іздеумен үндескен мәдениеттер арасындағы терең диалог.
Мозес Зибордың жұмыстары: африкалық мистицизм және түстер әлемі
Мозес Зибор көрерменді африкалық шамандық тәжірибелер әлеміне жетелейді, онда шынайылық пен түстер арасындағы шекара жойылады. Оның картиналары бізді рухтармен байланыс жасауға арналған ритуалдық маскалар мен қасиетті өрнектер әлеміне апарады. Зибордың еңбектері оның Нигерия мен Ганнадағы тамырларынан бастау алатын халықтың қуаты мен мифологиясына тұнып тұр. Оның кескіндемелері, өзі жазып, орындайтын әндері және экстрасенсорлық қабілеттері қорғаушы, бағыттаушы немесе ескерту жасайтын рухтармен үндеседі. Суретші жарық пен көлеңкенің ойынын шебер пайдалана отырып, көрерменді тылсым рәсімге терең бойлатады. Зибор қанық түстер палитрасын қолдана отырып, мистикалық және ритуалды транс атмосферасын жасайды.
Оның композициялары қасиетті іс-әрекеттің әсерін жеткізіп, көрерменді бейсаналы түрде осы процестің қатысушысына айналдырады. Мозес Зибордың көрмеге қатысуы мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдастықтың шексіз мүмкіндіктерін айқындайды. Бұл жоба қазақстандық көрермендерге дәстүрлі мәдени элементтер мен заманауи авангардтық тәсілдердің үйлесімін көрсете отырып, өнердің жаңа қырларын ашады.
Сәулет Жәнібектің жұмыстары: көшпенділер мұрасы және қасиетті рәміздер
Сәулет Жәнібектің картиналары Ұлы даланың қуатымен тыныстайды. Ол табиғи текстураларды, ежелгі көшпенділердің ою-өрнектерін еске түсіретін абстрактілі және нақты пішіндер мен рәміздерді қолданады. Оның еңбектері көрерменді шамандар әлеміне жетелеп, әрбір бейне материалдық пен рухани дүниенің арасындағы көпірге айналады. Суретшінің шығармашылығы оның генетикалық жадында сақталған көшпелі мәдениет туралы естеліктерге негізделген. Оның абстрактілі бейнелері ежелгі рәсімдер мен құрбандық шалу дәстүрлеріне меңзейді, ол дәуірлерде шаман көк пен жердің арасындағы медиатор қызметін атқарған. Әр сызық пен әрбір түс Дала рухтарының үнсіз қатысуын сездіреді.
Картиналарында жергілікті түстік дақтар мен динамикалық пішіндерді қолдану энергия қозғалысы мен өмірдің циклділігін бейнелейді. Суретшінің картиналарындағы абсолюттік қара мен абсолюттік ақ дыбыстай түсіп, қуат шашады. Нысандар мен сюжеттер Шоқан Уәлиханов айтқандай әсер етеді – олар таң қалдырады. Таңғалтып қана қоймай, терең ойларға жетелейді. Тазалық пен тереңдік, ауырсыну мен қуаныш, сезімдеріміз бен бізді қоршаған әлем арасындағы байланыс туралы ой салдырады. Өйткені, шын мәнінде, біз әрдайым таңдау жасау құқығына иеміз. Жәнібек өз еңбектерінде ежелгі сенімдер, қорғау мен рухани трансформацияға негізделген салт-жоралардың мағынасын бейнелейді.
«Шаманның ұлдары» көрермендерді бірегей тәжірибеге шақырады, мұнда екі континенттің мәдени мұрасы біртұтас мистикалық жіпке ұласады. Бұл көрме ата-бабалардың салт-дәстүрлері, нышандары мен қуаты қазіргі заманғы өнерде қалай жаңғыратынын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Жәнібек пен Зибордың шығармашылығы дәстүрлі өнерді жаңа қырынан қарастыруға, жаңа мәнер мен ұғымдарды іздеуге шабыт береді. Олар мәдениет пен руханият адамзатты біріктіретін әмбебап құндылықтар екенін айқын көрсетеді. Бұл көрме көрермендер үшін тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, адамның шығу тегі, табиғатпен байланысы және әлемдегі орны туралы терең ойларға жетелейтін жеке рухани тәжірибеге айналады. Көрме мәдени кодтарға негізделген көркем тілдің дамуын қолдай отырып, тамырларымыз бен руханиятымызға деген қызығушылықтың қайта жандануына ықпал етеді. Зибордың шығармашылығы қазақстандық суретшілер мен көрермендер үшін жаңа перспективалар ашып, мәдени алмасудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді. Сонымен қатар, көрме жас суретшілерді заманауи шындық контекстінде мистикалық және рухани тақырыптарды зерттеуге шабыттандырады.
«Шаманның ұлдары» – бұл жай ғана көрме емес, көрермендерді ата-бабалардың терең энергиясымен байланыс орнатуға және өнердің жаңа көкжиектерін ашуға жетелейтін мистикалық саяхат. Бұл жоба Қазақстандағы өнердің дамуына маңызды үлес қосады, өйткені ол мәдени байланыстарды нығайтып, мистикалық тақырыптарды жаңаша түсінуге мүмкіндік береді және жаңа көркемдік тіл қалыптастыруға шабыттандырады.
МОЗЕС ЗИБОР (1978 ж.т.) - бірнеше бағытта жұмыс істейтін нигериялық-ганалық суретші. Ол Алматы қаласында тұрып, өз шеберханасында жұмыс істейді.


